Кинолог-полицей жекпе-жектен Еуразия чемпионы атанды

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласында ел қорғаны Баймұрат батырдың рухына тағзым етіліп, еске алу мақсатына арналған ұлттық спорт өнері жекпе-жектен ерлер арасында Еуразия кубогі үшін дүбірлі дода өткен болатын.

fb8890e8b778c7d7fbf534d2c0c8444b_L

Кубоктің титулды белбеуі үшін бақ сынасуға Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан сынды елдердің майталмандары келіп бақ сынасты. «Айбын» спорт клубында өткен бұл додаға Қазақстан Республикасы атынан ҚР ІІМ Көліктегі Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспекторы Айдос Абдолұлы қатысып, Еуразия чемпионы атанды. Чемпионға 100 000 теңге ақшалай сыйлық пен титулды белбеу табыс етілді.

Еске сала кетейік, Айдос Абдолұлы осы жылғы 8-14 мамыр аралығында Алматы қаласында ерлер мен әйелдер арасында спорттық және жауынгерлік самбодан республикалық деңгейде өнер көрсетіп, турнирдің 2-орын жүлдегері атанды.

Айдос бұған дейін 2017 жылы жекпе-жектен Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері, 2018 жылы Қарағанды қаласында өткен жауынгерлік самбодан Қазақстан Республикасы чемпионатының және 2018 жылы Щучинскіде өткен қоян-қолтық ұрысынан ҚР ІІМ чемпионатының жеңімпазы, Алматы қаласында ерлер мен әйелдер арасында республикалық деңгейде өткен спорттық және жауынгерлік самбодан II-орын жүлдегері атанса, Еуразия кубогінде титулды белбеудің белдескер иегері.

Жауынгерлік самбодан және аралас жекпе-жектен спорт шебері атанған балуан 2015-2017 жылдары Астана станциясындағы желілік полиция басқармасының тылдық қамтамасыз ету тобында қызмет атқарса, 2017-2019 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы желілік полиция бөлімінде кіші жедел уәкілі қызметінде болған. Бүгінде кинология саласының білікті, беделі асқақ, батыл қызметкері.

Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі